Басқарма басшысының айтуынша, денсаулық сақтау құқығы – мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының бірі.
«Денсаулықты қорғау құқығы – Конституцияда бекітілген маңызды әлеуметтік кепілдіктердің бірі. Бұл қағаз жүзіндегі норма ғана емес, мемлекет жүргізіп отырған денсаулық сақтау саясатының нақты негізі. Әрбір азамат тұрғылықты жеріне, жасына немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы әрі уақытылы медициналық көмек алуға тиіс», – дейді Ержан Сүлейменов.
Бүгінде бұл құқық Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы қамтамасыз етіліп отыр. Осы жүйелердің арқасында тұрғындар профилактикалық тексерулерден бастап күрделі диагностикалық, емдеу және оңалту қызметтеріне дейінгі медициналық көмекті пайдалана алады.
Алматы облысында медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесі күшейтіліп, инфрақұрылым жаңартылып, цифрлық технологиялар енгізілуде.
124 миллиард теңге инвестиция тартылды
Соңғы бір жылда Алматы облысының денсаулық сақтау саласында бірқатар ірі жобалар жүзеге асты.
Солардың ең маңыздысының бірі – халықаралық HEALTH INVEST FORUM форумы. Аталған алаңда мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері мен шетелдік инвесторлар бас қосып, өңірдің денсаулық сақтау жүйесіне 124 миллиард теңгеден астам инвестиция тарту туралы келісімдерге қол қойылды.
Бұл қаражат жаңа медициналық нысандар салуға, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуға, инновациялық технологияларды енгізуге және медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталады.
Өткен жылдың тағы бір маңызды жетістігі – Қонаев қаласында заманауи кардиологиялық орталықтың ашылуы болды. Соның нәтижесінде өңір тұрғындары жоғары технологиялық кардиологиялық көмекті өз облысында ала бастады.
«Материалдық-техникалық база тұрақты түрде жаңартылып жатыр. Заманауи медициналық құрал-жабдықтар мен цифрлық технологиялар енгізілуде. Мұның бәрі диагноз қоюдың дәлдігін арттырып, емдеу сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», – дейді басқарма басшысы.
Ауыл медицинасы жаңа деңгейге көтерілуде
Өңірде ауыл тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Мемлекеттік бағдарлама аясында жаңа дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық пункттер салынып, қолданыстағы емдеу мекемелері күрделі жөндеуден өткізілуде.
Сонымен қатар телемедицина мен мобильді медицина қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда шалғай ауыл тұрғындары облыстық деңгейдегі мамандардың кеңесін қашықтан ала алады.
Жедел медициналық жәрдем қызметі де жаңартылып жатыр. Биыл облыстың медицина ұйымдарына 70 жаңа санитарлық автокөлік берілді.
«Бұл жедел жәрдем қызметінің жұмысын айтарлықтай жақсартып, медициналық бригадалардың науқастарға жету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді», – дейді Ержан Сүлейменов.
Кадр тапшылығын шешу – басты міндеттердің бірі
Денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі – кадр тапшылығы.
Басқарма бұл бағытта жас дәрігерлерді өңірге тартуға басымдық беріп отыр. Әсіресе ауылдық жерлерге жұмысқа келетін медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетіліп, кәсіби дамуына қолайлы жағдай жасалуда.
Сонымен қатар дәрігерлердің біліктілігін арттыру, жаңа клиникалық хаттамаларды енгізу және еліміздің жетекші медициналық орталықтарымен тәжірибе алмасу жұмыстары тұрақты жүргізіледі.
«Біздің мақсатымыз – мамандарды тек жұмысқа шақыру ғана емес, олардың Алматы облысында тұрақтап, кәсіби тұрғыдан өсуіне жағдай жасау», – дейді басқарма басшысы.
Денсаулық сақтау цифрлық форматқа көшуде
Соңғы жылдары өңірде денсаулық сақтау саласын цифрландыру қарқынды жүргізіліп келеді.
Қазір тұрғындар дәрігердің қабылдауына онлайн жазылып, электронды рецепттерді пайдаланып, медициналық ақпараттық жүйелер мен мобильді қосымшалардың қызметіне жүгінеді.
Бұл өзгерістер қағазбастылықты азайтып, кезек күтуді қысқартуға және медициналық қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Алдағы уақытта қашықтан консультация беру қызметін кеңейтіп, цифрлық сервистерді одан әрі жетілдіру жоспарланып отыр.
Алдын алу – денсаулық сақтаудың басты бағыты
Медицинадағы басты ұстанымдардың бірі – ауруды емдеу емес, оның алдын алу.
Осы мақсатта Алматы облысында жүрек-қан тамырлары ауруларын, қатерлі ісіктерді, қант диабетін және басқа да әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте анықтауға бағытталған скринингтік бағдарламалар тұрақты өткізіліп келеді.
Сонымен бірге халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстары да күшейтілген.
Жақында Қонаев қаласында өткен «Біздің таңдауымыз – денсаулық!» фестивалі медицина қызметкерлерін, жастарды, қоғамдық ұйымдар мен облыс тұрғындарын біріктіріп, денсаулық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Негізгі мақсат – әр тұрғынға сапалы медициналық көмек көрсету
Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасы алдағы уақытта жаңа ауруханалар мен емханалардың құрылысын жалғастырып, саланы цифрландыруды, инновациялық технологияларды енгізуді және алғашқы медициналық-санитарлық көмекті күшейтуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ өңірдегі жаңа экономикалық даму аймақтарында медициналық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
«Біздің басты мақсатымыз өзгермейді – Алматы облысының әрбір тұрғынының сапалы, қауіпсіз және қолжетімді медициналық көмек алуға қатысты конституциялық құқығын толық қамтамасыз ету. Мемлекет, медицина қауымдастығы және қоғам бірлесе жұмыс істесе, халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыра аламыз», – деп түйіндеді Ержан Сүлейменов.
Оның айтуынша, Конституцияда бекітілген денсаулық сақтау саласындағы кепілдіктер тек заң жүзіндегі норма болып қалмай, әрбір азаматтың өмір сапасын жақсартатын нақты нәтижелерге айналуы тиіс. Алматы облысында қолға алынған жобалар мен реформалар осы мақсатқа жетуге бағытталған.





