«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы – дарынды жастарды қолдауға және олардың кәсіби жетістіктерін ынталандыруға бағытталған мемлекеттік марапаттардың бірі. Сыйлық ғылымда, өнерде, журналистикада, спортта және қоғамдық қызметте елеулі табысқа жеткен жас қазақстандықтарға табысталады.
Байқау 10 номинация бойынша өтеді
Биыл конкурс мынадай бағыттарды қамтиды:
- әдебиет;
- ғылым;
- дизайн және бейнелеу өнері;
- журналистика;
- классикалық музыка;
- қоғамдық қызмет;
- спорт;
- театр және кино;
- эстрада;
- халық шығармашылығы.
Кімдер қатыса алады?
Конкурсқа Қазақстан Республикасының 35 жасқа дейінгі азаматтары қатыса алады.
Үміткерлер халықаралық және республикалық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдердің лауреаттары, спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері немесе өз саласының дамуына елеулі үлес қосқан жастар болуы тиіс.
Кандидаттарды орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ Қазақстанда тіркелген өзге де заңды тұлғалар ұсынады.
Қандай құжаттар қажет?
Байқауға қатысу үшін үміткерлер қағаз және электронды форматта мынадай құжаттарды тапсырады:
- жеке куәліктің көшірмесі;
- тіркеу өтінімі;
- ұсынымхат және жетістіктері туралы анықтама;
- дипломдар, грамоталар мен алғыс хаттардың көшірмелері (бар болса);
- үміткер туралы жарияланған мақалалар немесе материалдар (бар болса);
- банктік шот туралы анықтама;
- жетістіктерін растайтын өзге де құжаттар.
Жеңімпаздарға не беріледі?
Байқау жеңімпаздарына «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атағы беріледі.
Сонымен қатар лауреаттар:
- дипломмен;
- арнайы төсбелгімен;
- ақшалай сыйлықпен марапатталады.
Құжат қабылдау 17 қыркүйекке дейін жалғасады
Конкурсқа құжаттар 2026 жылғы 17 маусымнан 17 қыркүйекке дейін қабылданады.
Қағаз түріндегі құжаттарды Астана қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8, «Министрліктер үйі» ғимаратының 14-кіреберісі мекенжайына тапсыру қажет.
Электронды құжаттар daryn2026kz@gmail.com электрондық поштасы арқылы қабылданады.
Қосымша ақпаратты 8 (7172) 74-05-25 және 8 (7172) 74-18-43 телефондары арқылы жұмыс күндері сағат 09:00-18:30 аралығында алуға болады.
Айта кетейік, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы 1992 жылдан бері табысталып келеді. Осы уақытқа дейін еліміздің түрлі саласында жетістікке жеткен 380-нан астам жас қазақстандық аталған мәртебелі сыйлықтың лауреаты атанған.





