Өңір басшысының айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысы мен Таиланд Корольдігі арасындағы тауар айналымы 15,3 миллион АҚШ долларын құраған.
Дегенмен, әкім бұл көрсеткіш екіжақты ынтымақтастықтың нақты әлеуетін толық көрсетпейтінін айтты.
«Алматы облысы Таиланд инвесторлары үшін кең мүмкіндік ұсынады. Біз Таиланд нарығына астық, майлы дақылдар, ұн және ет өнімдерінің экспортын ұлғайтуға дайынбыз. Сонымен қатар өңірдің қолайлы географиялық орналасуы, дамыған көлік-логистикалық инфрақұрылымы, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтары, қуатты аграрлық және өнеркәсіптік әлеуеті жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Форум барысында облыс әкімі биыл Алматы облысының делегациясы Таиландта өткен THAIFEX – Anuga Asia 2026 халықаралық көрмесіне қатысқанын еске салды.
Көрме аясында бірқатар туристік ұйымдармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылып, өңірдің экспорттық әлеуеті таныстырылған.
Сондай-ақ Таиланд Корольдігінің ресми делегациясы жақында Алматы облысына арнайы келіп, өнеркәсіп, туризм, агроөнеркәсіптік кешен, логистика және қайта өңдеу салаларындағы инвестициялық жобалармен танысқан.
Қазақстандық өнім Таиландтың 14 мың дүкеніне шықты
Форумда екі елдің бизнес ынтымақтастығының нақты нәтижелері де айтылды.
Соның бірі – Aspan Asia және KazThaiAlliance компанияларының бірлескен жобасы.
Алматы облысында орналасқан кәсіпорын Master Kan брендімен тез дайындалатын кеспе, рамен және басқа да азық-түлік өнімдерін шығарып, экспорттайды.
Жобаның маңызды жетістіктерінің бірі – Таиландтағы 7-Eleven бөлшек сауда желісімен тікелей келісімшартқа қол қоюы. Қазір қазақстандық өнімдер аталған желінің 14 мыңнан астам дүкенінде сатылып жатыр.
7,8 триллион теңгенің инвестициялық портфелі қалыптасқан
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, бүгінде Алматы облысының инвестициялық қоржынында жалпы құны 7,8 триллион теңгеден асатын 270-тен астам жоба бар.
Бұл жобалар жаңа өндірістерді іске қосуға, жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Соңғы жылдары облыстың жалпы өңірлік өнімі екі есеге өсіп, 6,7 триллион теңгеге жеткен.
Форумға Таиланд Премьер-министрінің орынбасары әрі Сыртқы істер министрі Сихасак Пхуангкеткео, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды және екі елдің бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық кооперацияны кеңейту, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру және Қазақстан мен Таиланд арасындағы іскерлік байланысты жаңа деңгейге көтеру мәселелерін талқылады.





