Жаңа нысанның ашылу салтанатына Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов қатысып, бұл жоба өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттардың бірі – өңірлердегі медициналық инфрақұрылымды жаңғыртып, жоғары технологиялық орталықтардың санын арттыру.
«Бүгін пайдалануға беріліп отырған кардиологиялық орталық – халықтың өмір сапасын жақсартуға және жүрек-қан тамырлары ауруларымен күресті күшейтуге бағытталған маңызды жоба. Мұнда диагностикадан бастап күрделі хирургиялық операцияларға дейінгі толық циклді медициналық көмек көрсетіледі. Бұл облыс тұрғындарының басқа өңірлерге немесе шетелге шықпай-ақ, жоғары деңгейдегі ем алуына мүмкіндік береді», – деді қала әкімі.
Жаңа орталықта жүрек пен қан тамырлары ауруларын диагностикалау, емдеу және стационарлық медициналық көмек көрсету толық жолға қойылған.
Медициналық мекеме заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтап, күрделі кардиологиялық операцияларды жасауға мүмкіндік бар.
Жобаға 3 млрд теңге инвестиция салынды
Кардиологиялық орталық жеке инвестиция есебінен салынған. Жоба инвесторы Бекарыс Жали жаңа нысан мемлекеттік қолдау мен жеке бизнестің тиімді әріптестігінің нәтижесі екенін айтты.
Оның сөзінше, орталықтың басты мақсаты – өңір тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді кардиологиялық көмек көрсету.
Салтанатты рәсім барысында инвестор орталықтың символикалық кілтін бас дәрігер Асқар Рахматалиевке табыстады.
Одан кейін қонақтар жаңа ғимаратты аралап, диагностикалық, емдеу және операциялық бөлімдердің жұмысымен танысты.
Жаңа медициналық нысанның іске қосылуы нәтижесінде 200 медицина қызметкері тұрақты жұмыспен қамтылды.






