«Қазгидромет» РМК мәліметінше, атмосфералық фронттардың әсерінен Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Елдің кей өңірлерінде найзағай ойнап, жаңбыр жауып, бұршақ түсуі мүмкін. Батыс пен шығыс облыстарында нөсер жаңбыр мен екпінді жел күтіледі.
Алматы облысында жауын-шашын туралы нақты ескерту берілмегенімен, күндіз аптап ыстық сақталады. Осындай ауа райы Жамбыл, Павлодар, Жетісу және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Абай мен Қарағанды облыстарының оңтүстік бөлігінде де болжанып отыр.
Ең жоғары температура Түркістан облысында тіркеледі. Онда сынап бағаны 40-41 градусқа дейін көтеріледі.
Синоптиктер республика бойынша желдің күшеюі мүмкін екенін ескертеді. Сонымен қатар еліміздің бірқатар өңірінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Мамандар тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында ұзақ уақыт сыртта болмауға, көп сұйықтық ішуге және күн сәулесінен қорғану шараларын сақтауға кеңес береді.





