Жарыс Қонаев қаласындағы «Пляжный волейбол» демалыс базасында (Оңтүстік-Батыс жағалауы көшесі, 4А) ұйымдастырылады.
Чемпионаттың салтанатты ашылуы 26 маусым күні сағат 07:45-те, ал алғашқы жарыстар 08:00-де басталады.
Биылғы додаға Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген елдің үздік жүзушілері қатысып, ашық суда жүзуден өзара мықтыны анықтайды.
Ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатына 2012 жылы туған және одан үлкен ерлер мен әйелдер қатысады. Олар 3 шақырымдық спринттік жарыста, 5 және 10 шақырымдық қашықтықтарда, сондай-ақ құрамында екі әйел мен екі ер адам болатын 4×1500 метрлік аралас эстафетада бақ сынайды.
Сонымен қатар, 2014 жылы туған және одан үлкен спортшылар 500 метр қашықтық пен 6×500 метрлік аралас эстафетада (үш әйел, үш ер адам) жарысады.
Жас ерекшеліктері бойынша өтетін Қазақстан чемпионатына төрт санаттағы спортшылар қатысады:
- І топ – 2013–2014 жылы туған ұлдар мен қыздар;
- ІІ топ – 2011–2012 жылы туған жасөспірімдер;
- ІІІ топ – 2009–2010 жылы туған юниорлар;
- IV топ – 2007–2008 жылы туған жастар.
Олар 100 метр, теңіз милі, 3000 метр, 5000 метр және 500 метр қашықтықтарда сынға түседі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың негізгі мақсаты – олимпиадалық спорт түрі саналатын ашық суда жүзуді дамыту, елдің үздік спортшыларын анықтап, ұлттық құрама сапын жасақтау, сондай-ақ биыл 3–6 қыркүйек аралығында Аргентинада өтетін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысатын спортшыларды іріктеу.
Чемпионатты Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Алматы облыстық «Бұқаралық спорт клубы» және Қазақстанның Су спорты федерациясы ұйымдастырады.





