Advertisement
Қазақстан жаңалықтары - Alataunews
  • RU
  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Әлем
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мақала
  • Сұхбат
No Result
View All Result
Whatsapp
  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Әлем
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мақала
  • Сұхбат
No Result
View All Result
Қазақстан жаңалықтары - Alataunews
No Result
View All Result
Басты бет Жаңалықтар Аймақ

Алматы облысында кітап оқуды дамытуға арналған меморандумға қол қойылды

Алматы облысында кітап оқу мәдениетін дамытуға және жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды alataunews.kz.

Қорлан Нұрланқызы
24.06.2026
Аймақ, Алматы облысы, Жаңалықтар

Өңір әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасында жасалған меморандум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында жүзеге асырылмақ.

Жаңа келісім аясында облыстағы кітапханалар, мәдениет және білім беру ұйымдары арқылы бірлескен жобалар мен ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылып, жастардың рухани және интеллектуалдық дамуына бағытталған бастамалар қолға алынады.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры өз жұмысын 2025 жылдың шілде айында бастаған. Осы уақыт ішінде қор Қарағанды және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында бірқатар ағартушылық жобаларды жүзеге асырып үлгерді. Нәтижесінде 190 мыңға жуық адам кітап оқу дағдысын қалыптастырған. Биыл жобаға қатысушылар санын 1,5–2 миллион адамға дейін жеткізу көзделіп отыр. Оның ішінде Алматы облысында 100 мыңнан астам тұрғынды қамту жоспарланған.

Меморандумға қол қою рәсіміне қатысқан Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесі Мемлекет басшысының ерекше назарында екенін атап өтті.

Аймақ басшысының айтуынша, бүгінде облыста 145 кітапхана жұмыс істейді. Олар 71 мыңнан астам тұрақты оқырманға қызмет көрсетеді. Жалпы кітап қоры 2,7 миллионнан асады. Сонымен қатар кітапханалар жанында коворкинг орталықтары, түрлі клубтар мен үйірмелер жұмыс істеп, жастардың шығармашылық және зияткерлік дамуына жағдай жасалуда.

«Биыл Ұйғыр аудандық кітапханасы, Қарасай ауданындағы Жандосов ауылдық кітапханасы және Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылдық кітапханасы жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта тағы екі кітапхананы жаңарту жоспарланып отыр», – деді Марат Сұлтанғазиев.

Облыс әкімі кітапхана саласын цифрландыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, 2023 жылдан бастап барлық аудандық кітапханалар САБ ИРБИС-64+ бағдарламасына көшірілген. Қазіргі таңда электрондық каталог пен электрондық кітапхана қорына 1,9 миллионнан астам библиографиялық жазба енгізілген. Сондай-ақ KazNEB ұлттық электронды кітапханасына 1 943 кітаптың цифрлық нұсқасы жүктелген.

Бұдан бөлек, облыс аумағындағы қоғамдық орындарға 786 KazNEB QR-коды орналастырылып, тұрғындарға 82 мыңнан астам электронды кітапты пайдалану мүмкіндігі жасалған.

Жиын барысында «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков жобаның нәтижелері мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.

Оның айтуынша, қордың басты мақсаты – кітапханаларды тек кітап сақтайтын орын емес, білім мен рухани дамудың орталығына айналдыру.

«Жобаны бастаған кезде әр өңірден 25-30 мың адамның қатысуын күткен едік. Алайда нәтиже біз ойлағаннан әлдеқайда жоғары болды. Жалпы 190 мыңға жуық адам жобаға қатысып, оның 104 мыңнан астамы ұсынылған 15 кітапты толық оқып шықты. Бұл арнайы тестілеу нәтижесінде анықталды», – деді Бақытжан Тұрлыбеков.

Қор бүгінде жеті бағыт бойынша жұмыс жүргізуде. Оның аясында мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, спортшылар және отбасылар кітап оқуға тартылады.

Мәселен, мектеп оқушылары жас ерекшеліктеріне қарай бес топқа бөлінген. Әр топ үшін оқуға ұсынылатын 15 кітаптан тұратын арнайы тізім жасақталған. Оның құрамына қазақстандық, батыстық және шығыстық авторлардың шығармалары енгізілген.

Жиын соңында тараптар екіжақты меморандумға қол қойып, кітап оқу мәдениетін дамыту бағытында бірлескен жұмысты күшейтуге уағдаласты.

Осыған байланысты облыс әкімі мәдениет, архивтер және құжаттама, ішкі саясат, білім және жастар саясаты басқармаларына нақты міндеттер жүктеді. Ол халықтың, әсіресе балалар мен жастардың кітапқа қызығушылығын арттыру, оқырман қауымдастығын қалыптастыру және мәдени-ағартушылық жобаларды кеңінен жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.

«Қоғамдағы көптеген мәселенің түп-төркіні рухани жұтаңдықтан басталады. Ал адамды ойлануға, ізденуге және кемелдікке жетелейтін басты құрал – кітап. Сондықтан бұл бастама тек кітап оқумен шектелмейді. Бұл – қоғамның сапасын арттыруға бағытталған маңызды жоба», – деді облыс әкімі.

Тегтер: Алматы облысыҚазақстан

Соңғы жаңалықтар

Президент БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

Қорлан Нұрланқызы
25.06.2026

ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС – ҚОҒАМНЫҢ ОРТАҚ МІНДЕТІ

Диана Ахметова
25.06.2026

ИНТЕРНЕТТЕГІ ҚАУІПСІЗДІК – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Диана Ахметова
25.06.2026

ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ – ӨМІРДІ САҚТАУДЫҢ БАСТЫ ШАРТЫ

Диана Ахметова
25.06.2026

ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК – ӘР АЗАМАТТЫҢ ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

Диана Ахметова
25.06.2026

  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Әлем
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мақала
  • Сұхбат
ZERO.kz

© 2022-2024 www.alataunews.kz

  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Әлем
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мақала
  • Сұхбат
  • RU

© 2022-2024 www.alataunews.kz