Қайғылы хабарды 24 маусым күні марқұмның отбасының адвокаты Инга Иманбай жеткізді.
«Өкінішке қарай, бүгін Ербаянның жүрегі тоқтағанын білдік. Ербаян осы екі жыл бойы өмірі үшін күресе отырып, мыңдаған сарбаздың тағдырына әсер етті. Оның оқиғасы арқылы әскердегі көптеген мәселелер ашық айтыла бастады. Кейде бір адамның тағдыры бүкіл жүйеге өзгеріс әкеледі. Ербаян дәл сондай азаматтардың бірі болды. Сондықтан біз оны тек ауыр тағдыр иесі ретінде ғана емес, армиядағы қауіпсіздік үшін күрестің символы ретінде есте сақтаймыз», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Марқұмның емдеуші дәрігері Ұлпан Советбекқызы да көңіл айтып, Ербаянның өмірі үшін күрестің оңай болмағанын жеткізді.
«Болған жағдайдың қайғысы мен әділетсіздігін сөзбен жеткізу өте қиын. Мен оның ғана емес, жақындарының да жан азабын көрдім. Әрбір кішкентай жетістік бізге қуаныш сыйлайтын. Біз жоспар құрдық, сендік, үміттендік. Бірақ тағдыр басқаша шешті», – деді дәрігер.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ресми мәлімдеме жасады.
Ведомствоның мәліметінше, дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы сарбаздың өмірін сақтап қалуға бар күшін салған. Алайда ауыр бас-ми жарақаты салдарынан ағзада пайда болған қайтымсыз өзгерістер оның өмірімен үйлеспеген.
«Ербаян Мұхтар 2023 жылдан бері ауыр бас-ми жарақаты салдарынан аса ауыр жағдайда болды. Ұзақ уақыт бойы персистирлеуші вегетативті күй сақталды. Қарқынды терапияға және респираторлық қолдауға қарамастан, өмірлік маңызды көрсеткіштердің біртіндеп нашарлауы байқалды. Атап айтқанда, қандағы оттегі деңгейінің төмендеуі, жүрек ырғағының бұзылуы және гемодинамикалық тұрақсыздық тіркелді. Науқастың жағдайы үнемі аса ауыр болды», – делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.
Еске салайық, Ербаян Мұхтар әскери борышын өтеу кезінде ауыр жарақат алып, содан бері ұзақ уақыт бойы ем қабылдап келген болатын. Оның жағдайы қоғамда кең талқыланып, әскери қызметтегі қауіпсіздік мәселелеріне қатысты қоғамдық пікірдің күшеюіне себеп болған еді.





