Жиында өңір басшысы аудан және қала әкімдіктеріне, құқық қорғау органдарына, экология және төтенше жағдайлар саласының жауапты құрылымдарына тазалық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, өткен аптада қоғамдық орындарды ластағаны үшін 23 адам, ал елді мекендерді абаттандыру қағидаларын сақтамағаны үшін 522 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Аталған құқықбұзушылықтар бойынша жалпы көлемі 194 мың теңгеден астам айыппұл салынған.
Ал жыл басынан бері тазалық талаптарын бұзған азаматтар мен ұйымдарға қатысты салынған айыппұл көлемі 9 миллиард 302 миллион теңгеден асты. Оның ішінде шамамен 7,5 миллиард теңге өндіріліп, айыппұлдарды төлеу көрсеткіші 80,4 пайызды құраған.
Жиында сөз сөйлеген Марат Сұлтанғазиев санитарлық тазалықты сақтау мәселесі өңір үшін маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.
«Рейдтік іс-шаралар елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға, қоршаған ортаны қорғауға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Әсіресе демалыс орындары, өзен-көл жағалаулары, саябақтар мен халық көп шоғырланатын аумақтар тұрақты бақылауда болуы қажет», – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы қоғамдық ұйымдар мен жастар қозғалыстарын тазалық акцияларына кеңінен тарту қажеттігін де айтты. Оның сөзінше, табиғатқа қасақана зиян келтірген, коммуналдық инфрақұрылымды бүлдірген немесе экологиялық талаптарды өрескел бұзған азаматтар заң аясында жауапкершілікке тартылуы тиіс.
Сонымен қатар, әкім қоғамдық орындар мен демалыс аймақтарында бейнебақылау жүйелерін көбейтуді, өрт қауіпсіздігі мен тазалық талаптары туралы ескерту тақтайшаларын орнатуды тапсырды.
Жиын барысында халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі де көтерілді. Бұл бағыттағы жұмыстар білім беру ұйымдарын да қамтуы тиіс екені айтылды.
Марат Сұлтанғазиев жауапты органдарға тұрғындардан түсетін өтініштерге күнделікті мониторинг жүргізіп, олардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» бағдарламасы елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, заңсыз қоқыс орындарын жою және қоршаған ортаны қорғау мақсатында жүзеге асырылып келеді.





