Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға бүгін Қапшағай су қоймасындағы демалыс аймақтарының бірінде болған. Акваторияны патрульдеу кезінде құтқарушылар жағадан шамамен 20 метр қашықтықта, арнайы қалқыма белгілерінен тыс аумақта суға батып бара жатқан адамды байқап қалған.
Белгілі болғандай, зардап шегуші 2005 жылы туған қыз болған.
Құтқарушылар оқиға орнына дереу жетіп, жедел құтқару операциясын жүргізген. Нәтижесінде қыз судан шығарылып, жағаға жеткізілді.
ТЖМ қызметкерлері оған оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейін жедел жәрдем бригадасына тапсырған. Құтқарушылардың сүйемелдеуімен қыз Қонаев қалалық ауруханасына жеткізілді.
Ведомство құтқарушылардың кәсіби әрі жедел әрекетінің арқасында қыздың өмірін сақтап қалу мүмкін болғанын айтады. Қазіргі уақытта ол дәрігерлердің бақылауында.
Мамандардың айтуынша, жаз мезгілінде су айдындарында қауіпсіздік талаптарын сақтамау қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Әсіресе арнайы белгіленген шомылу аумағынан тыс жерлерде суға түсу үлкен қауіп тудырады.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, балаларды қараусыз қалдырмауға және тек рұқсат етілген орындарда ғана шомылуға шақырды.





