Ведомство мәліметінше, Мемлекет басшысының бастамасымен жаңа Конституцияның қабылдануына орай қылмыстық және әкімшілік амнистия жүргізу көзделіп отыр. Бұл қадам әділеттілік, гуманизм және адам құқықтарын құрметтеу қағидаттарына негізделген құқықтық саясатты одан әрі жетілдіруге бағытталған.
ІІМ өкілдері амнистия құқық бұзушылық жасаған адамдарды жауапкершіліктен толық босату немесе қылмысқа көз жұма қарау дегенді білдірмейтінін айтады. Керісінше, ол қоғамға елеулі қауіп төндірмейтін азаматтардың қалыпты өмірге қайта оралуына жағдай жасауға арналған құқықтық құрал ретінде қарастырылады.
«Амнистияның негізгі мақсаты – құқық бұзушылық жасағанымен, түзелу жолына түсуге мүмкіндігі бар азаматтардың қоғамға бейімделуіне ықпал ету. Бұл олардың еңбек нарығына қайта қосылуына, әлеуметтік байланыстарын қалпына келтіруіне және заңды өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді», – деп түсіндірді министрлік.
Президент тапсырмасын орындау аясында Мәжіліс депутаттары жекелеген құқық бұзушылық санаттары бойынша амнистия жариялау туралы заң жобасын әзірлеген. Құжатты дайындау және талқылау жұмыстарына Ішкі істер министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдар қатысып жатыр.
Министрлік қылмыстық амнистия ең алдымен қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасаған азаматтарға қатысты қолданылатынын ескертті. Сонымен қатар, ауырлығы орташа қылмыстар үшін сотталған адамдар да келтірілген залалды толық өтеген жағдайда немесе олардың әрекеті салдарынан материалдық шығын келтірілмеген болса, амнистияға ілігуі мүмкін.
Бұдан бөлек, жекелеген сотталғандар үшін жасалған қылмыстың сипаты, ауырлығы және сотталған адамның мінез-құлқы ескеріле отырып, жаза мерзімін қысқарту мүмкіндігі де қарастырылған.
ІІМ мәліметінше, бұл бастама тек қылмыстық істермен шектелмейді. Заң жобасы әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша да амнистия жүргізуді көздейді. Егер құжат қабылданса, бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы әкімшілік амнистия болмақ.
Ведомство ұсынылып отырған заң жобасы қоғамдағы гуманизм қағидаттарын құқықтық тәртіп пен заң үстемдігі талаптарымен үйлестіре отырып, ұлттық құқықтық жүйені одан әрі жетілдіруге мүмкіндік беретінін айтады.
Қазіргі уақытта заң жобасы талқылану кезеңінде тұр. Амнистияның нақты шарттары мен оған ілігетін азаматтардың толық санаты құжат қабылданғаннан кейін белгілі болады.





