Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, тергеу барысында «БАҒДАУЛЕТ и ПК» және «АМАНТАУ-2023» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің басшысы екі жыл бойы агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында бюджет қаражатын заңсыз иемденіп келгені анықталған.
Тергеу материалдарына сәйкес, күдіктілер ауыл шаруашылығы басқармасына шикі сүт сатып алу, сондай-ақ сары май мен қатты ірімшік өндіру және өткізу жөнінде жалған мәліметтер ұсынған. Осы құжаттардың негізінде бюджеттен 251 миллион теңгеден астам субсидия төленген.
Алайда тексеру барысында кооперативтердің аталған қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін қажетті өндірістік қуаттары, арнайы жабдықтары, жұмыс күші және басқа да материалдық-техникалық ресурстары болмағаны белгілі болды.
Сонымен қатар, тергеу барысында жалған мәмілелерді рәсімдеу және контрагенттердің салықтық жүктемесін төмендету мақсатында қолданылған қылмыстық схема әшкереленді. Агенттік мәліметінше, бұл мақсатта «ComputerService» жеке кәсіпкерлігі арқылы жалған электрондық шот-фактуралар рәсімделіп отырған.
Құқық қорғау органдарының есебіне сәйкес, аталған әрекеттердің салдарынан мемлекетке төленбей қалған салық көлемі 416 миллион теңгеден асқан.
Істі қарау қорытындысы бойынша сот қылмыстық схемаға қатысы бар екі адамды кінәлі деп танып, оларды 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Сондай-ақ сот шешімімен қылмыстық жолмен алынған қаражат есебінен сатып алынған BMW маркалы автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.





