Іс-шараның басты мақсаты – балалар мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, құқықтық сауаттылықты арттыру және есірткіге тәуелділіктің, сондай-ақ өзге де зиянды әдеттердің алдын алу.
Осы бағытта ауданның білім беру ұйымдарында түрлі профилактикалық іс-шаралар өткізіліп жатыр. Атап айтқанда, мектептерде тақырыптық кездесулер, түсіндіру жұмыстары, профилактикалық әңгімелер, ақпараттық акциялар, спорттық жарыстар мен мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылуда.
Мамандардың айтуынша, мұндай кездесулер барысында оқушыларға есірткінің адам денсаулығына, психологиялық жағдайына және әлеуметтік өміріне тигізетін кері әсері жан-жақты түсіндіріліп, зиянды әдеттерден аулақ болудың маңыздылығы насихатталады.
Бүгінде нашақорлық мәселесі әлем бойынша өзекті әлеуметтік проблемалардың бірі саналады. Сарапшылардың пікірінше, есірткіге тәуелділік адамның өмір сапасын төмендетіп қана қоймай, құқық бұзушылықтарға, қылмысқа және түрлі әлеуметтік қиындықтарға алып келеді.
Осыған байланысты жастардың бойында заңға құрмет, жеке жауапкершілік және дұрыс өмірлік ұстаным қалыптастыру маңызды бағыттардың бірі болып отыр.
Жамбыл ауданында өткізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралар «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының негізгі міндеттерін іске асыруға бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жұмыстар жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін арттырып, қоғамдағы қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті нығайтуға ықпал етеді.
Сондай-ақ мамандар нашақорлықпен күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстарға ата-аналар, педагогтер және бүкіл қоғам белсенді қатысуы қажет. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортпен және шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау – зиянды әдеттердің алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі.





