Іле ауданы әкімдігінің мәліметінше, ағаштарды кесу жұмыстары барысында гидравликалық жабдық кенеттен істен шыққан. Соның салдарынан ішінде жұмысшылары бар көтергіш себет шамамен 3-4 метр биіктіктен күрт төмен құлаған.
«Аталған ақау салдарынан ішінде жұмысшылары бар себет шамамен 3-4 метр биіктіктен күрт төмен түсті. Нәтижесінде мердігер ұйымның екі қызметкері жарақат алды», – деп хабарлады аудан әкімдігінен.
Зардап шеккен жұмысшылар дереу медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта олардың нақты қандай жарақат алғаны туралы ақпарат жарияланған жоқ.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жұмыстарды жүргізген мердігер ұйымға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігі алдын ала ескертілген. Қазір компания зардап шеккен қызметкерлерге қажетті көмек көрсетіп жатыр.
Оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау үшін құзырлы органдар тексеру жұмыстарын бастады.





