Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 15 маусымнан бастап «Қазселденқорғау» мамандары Іле Алатауы жотасының солтүстік беткейіндегі сел қаупі жоғары аймақтарда маусымдық бақылау бекеттерін орналастыру жұмыстарын жүргізуде.
Бақылау бекеттері теңіз деңгейінен 2000-3000 метр биіктікте орналасқан сел қаупі бар тау бассейндерінде жұмыс істейді. Олар гидрометеорологиялық бақылау аспаптарымен, байланыс құралдарымен және мамандардың үздіксіз қызмет атқаруына қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Қызметкерлер мен арнайы техникаларды бақылау нүктелеріне жеткізу үшін «Қазавиақұтқару» тікұшақтары мен арнайы көліктер пайдаланылады.
Мамандар сел қаупі кезеңі бойы таулы аймақтардағы гидрометеорологиялық жағдайды тәулік бойы бақылап, сел процестерінің пайда болу қаупін уақтылы анықтайды. Жиналған ақпарат жедел түрде кезекші қызметтерге жолданып, қажет болған жағдайда шұғыл әрекет ету шаралары қабылданады.
ТЖМ мәліметінше, бақылау жұмыстары 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Маусымдық бекеттердің қызметі төтенше жағдайлардың алдын алу жүйесінің маңызды бөлігі болып саналады.





