Іс-шара Қаскелең қаласындағы Облыстық қан орталығында өтіп, ерікті әрі өтеусіз қан донорлығының маңызын насихаттауға арналды.
Шараның негізгі мақсаты – қоғам назарын қауіпсіз қан мен оның компоненттеріне деген қажеттілікке аудару, халықтың донорлық мәдениет туралы хабардарлығын арттыру және адам өмірін сақтап қалуға үлес қосып жүрген донорларға құрмет көрсету.
Іс-шараға Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қатысып, донорлықтың қоғам үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
«Донор болу – тек медициналық көмек көрсету ғана емес, бұл азаматтық жауапкершілік пен жанашырлықтың жарқын көрінісі. Бір адамның тапсырған қаны бірнеше адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Сондықтан облыс тұрғындарын осы игі іске белсенді қатысуға шақырамын», – деді басқарма басшысы.
Мамандардың айтуынша, донорлық қан күн сайын жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге, ауыр операция жасалған науқастарға, онкологиялық және қан ауруларымен күресіп жүрген адамдарға қажет.
Осыған байланысты тұрақты донорлар қатарының көбеюі денсаулық сақтау жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі болып саналады.
Шара барысында белсенді донорларға алғыс айтылып, олардың қоғамдағы рөлі ерекше атап өтілді.
Дүниежүзілік қан доноры күні жыл сайын 14 маусымда атап өтіледі. Бұл күн қан топтары жүйесін ашқан австриялық ғалым, иммунолог Карл Ландштейнердің туған күніне орай белгіленген.
Ғалымның қан топтарын анықтау саласындағы жаңалығы заманауи трансфузиологияның негізін қалап, миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Медицина қызметкерлері донорлықтың қарапайым әрі қауіпсіз рәсім екенін атап өтіп, азаматтарды қан тапсыру арқылы өзгелердің өміріне араша болуға шақырады.





