Сарапшылардың пікірінше, АЭС іске қосылған жағдайда елдегі электр энергиясының өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, мыңдаған жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары Қазақстанда электр энергиясын тұтыну көлемі жыл сайын орта есеппен 3-4 пайызға өскен. Әсіресе жоғары өсім оңтүстік өңірлерде байқалады. Қазіргі таңда бұл аймақтардың қажеттілігінің бір бөлігі Солтүстік энергетикалық аймақтан келетін электр энергиясы арқылы жабылады.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда атом электр станциясының құрылысы ұзақ мерзімді перспективада энергия тапшылығының алдын алып, экономика мен халықтың қажеттілігін сенімді түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
АЭС құрылысы тек энергетика саласына ғана емес, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да айтарлықтай серпін бермек.
Жобаны іске асыру кезеңінде және станция пайдалануға берілгеннен кейін мыңдаған жаңа жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар техникалық және инженерлік мамандарды даярлау жүйесі дамып, жастар үшін жаңа кәсіби мүмкіндіктер ашылады.
Алдын ала болжамдарға сәйкес, Алматы облысында АЭС салу жобасын жүзеге асыру 2030 жылға қарай шамамен 5 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Ал құрылыс-монтаж жұмыстарының ең қарқынды кезеңі саналатын 2032 жылы жобада жұмыс істейтін мамандар саны 10 мың адамға дейін жетеді деп күтіледі.
Атом энергетикасын дамыту аясында өңірлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да қатар жүргізіледі.
Атап айтқанда, автомобиль жолдарын, электр және сумен жабдықтау желілерін жаңарту, сондай-ақ әлеуметтік нысандар – мектептер, балабақшалар мен медициналық мекемелер салу және жетілдіру жоспарланып отыр.
Жоспарға сәйкес, станция толық іске қосылғаннан кейін, 2035 жылы тұрақты негізде шамамен 2 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Олардың ішінде 600-ге жуық қызметкер жоғары білімді мамандар болса, 550 адам арнайы орта білімді кадрлар қатарынан іріктеледі. Ал тағы 850 маман техникалық бағыттағы бейінді білімге ие болады.
Сарапшылар АЭС құрылысы тек бір нысанмен шектелмейтінін айтады. Жобаны іске асыру барысында жинақталған тәжірибе болашақта жаңа атом электр станцияларын салуға мүмкіндік беріп, елімізде жоғары технологиялық жаңа саланың қалыптасуына жол ашады.
Сонымен қатар, бұл бағыт Қазақстанның адами капиталын дамытуға, инженерлік және ғылыми кадрлардың жаңа буынын қалыптастыруға ықпал етеді.
Осылайша, АЭС құрылысы елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтумен қатар, жаңа жұмыс орындарын құруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және өңірлердің ұзақ мерзімді дамуына серпін беретін ірі экономикалық жоба ретінде қарастырылып отыр.





