Іс-шараға 2022–2025 жылдары ҚР Оқу-ағарту министрлігінің кадрлық резервіне енген мектеп директорлары, директордың орынбасарлары және педагогтер қатысты.
Интенсивтің басты мақсаты – білім беру ұйымдарын басқарудағы заманауи тәсілдерді кеңінен насихаттау, көшбасшылық мәдениетін дамыту, тәжірибе алмасу және білім беру саласындағы трансформациялық өзгерістердің тиімді тетіктерін талқылау болды.
Бағдарлама барысында қатысушылар көшбасшылықтың қазіргі заманғы модельдері, ұйымдағы өзгерістерді басқару, тиімді коммуникация, ұжымдық мәдениет пен стратегиялық жоспарлау мәселелерін жан-жақты талқылады. «Өзгеріс көшбасшыларының Q-talks алаңында» тәжірибелі басшылар өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, білім беру ұйымдарын дамыту жолындағы табысты кейстерін ұсынды. Қатысушылар ұйымның ішкі әлеуетін тиімді пайдалану, көшбасшының рөлі, ұжымдағы өзара сенім мен ынтымақтастықтың маңызы туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
Іс-шараның ерекшелігі – тәжірибеге бағытталған интерактивті алаңдардың ұйымдастырылуы болды. Қатысушылар бірнеше бағыт бойынша топтарға бөлініп, ұйым миссиясын басқару, эмоционалдық интеллект, стартап-ойлау, STEM-білім беру, KPI жүйесі, жасанды интеллект технологияларын енгізу, HR-менеджмент, инклюзивті білім беру, фандрайзинг және «Болашақ мектебі» тұжырымдамасы секілді өзекті тақырыптарды талқылады. Әр алаңда сала мамандары мен білім беру ұйымдарының басшылары нақты тәжірибелерін ұсынып, басқарудың жаңа тәсілдерін таныстырды.
Интенсив аясында білім беру ұйымдарының болашағы, мектеп басқаруындағы жаңа трендтер және білім сапасын арттырудың заманауи құралдары талқыланды. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып қана қоймай, кәсіби байланыстарын нығайтып, алдағы уақытта жүзеге асырылатын бірлескен жобалардың бағыттарын айқындады.
Мұндай алаңдар өңірдегі білім беру ұйымдарының басқарушылық әлеуетін арттыруға, кәсіби қоғамдастықты дамытуға және білім беру саласындағы сапалы өзгерістерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.





