Сайлау 7 маусым күні өтті. Әкімдікке үміткер ретінде үш кандидат тіркелген болатын.
Сайлау қорытындысына сәйкес, Жандос Манеев 2523 дауыс жинап, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Оның қарсыластары – Ертай Құрманалиев 402 дауыс, ал Қанат Азаматов 380 дауыс алды. Сонымен қатар 188 сайлаушы барлық кандидаттарға қарсы дауыс берген.
Жалпы Шеңгелді ауылдық округінде 5371 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде 3602 тұрғын дауыс беруге қатысып, өз таңдауын жасаған.
Жаңа әкім туралы не белгілі?
Жандос Манеев 1992 жылы дүниеге келген.
Ол 2015 жылы Тұрар Рысқұлов атындағы Жаңа экономикалық университетін, ал 2018 жылы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетін тәмамдаған. Мамандығы – қаржы және құқықтану.
Еңбек жолын жеке секторда бастаған. 2012-2013 жылдары «АЛАТРАК» ЖШС-де логист маманы болып жұмыс істесе, кейін осы компанияда бөлім басшысы және директордың орынбасары қызметтерін атқарған.
2016-2018 жылдары «АЖК» АҚ Ішкі қауіпсіздік бөлімінің бас маманы болып еңбек етті. Ал 2018-2020 жылдары «AKS Service» ЖШС-нің коммерциялық директоры қызметін атқарған.
Соңғы жылдары мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеді. 2024-2026 жылдары Қонаев қаласы әкімдігіне қарасты «Қонаев Тұрғын үй» ЖШС-нің директоры болса, 2026 жылғы 7 сәуірден бастап Шеңгелді ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген.
Енді сайлау нәтижесі бойынша Жандос Манеев ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына жауапты болады.





