Медициналық мекеменің мәліметінше, жоспарлы кесарь тілігі барысында дәрігерлер алдымен нәрестені аман-есен босандырып алып, кейін бір мезетте жатырдағы алты миома түйінін алып тастаған. Күрделі хирургиялық араласуға қарамастан мамандар жатырды сақтап қалуға қол жеткізді.
Науқаста жатыр миомасы жүктіліктің ерте кезеңінде анықталған. Алайда дәрігерлердің тұрақты бақылауы мен дұрыс таңдалған емдеу тактикасының арқасында әйел жүктілікті 37 аптаға дейін сәтті көтеріп шыққан.
Жүктілік мерзімі толық жеткеннен кейін мамандар жоспарлы түрде операциялық жолмен босандыру туралы шешім қабылдаған. Алдымен дені сау сәби дүниеге келсе, кейін миомэктомия жасалған.
Операция барысында көлемі 4-тен 10 сантиметрге дейін жететін алты миома түйіні алынған. Күрделі отаға үш акушер-гинеколог қатысқан.
Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Гүлжаһан Жұмадуллаеваның айтуынша, жатыр миомасы әйелдің ана атану мүмкіндігін толықтай шектемейді. Дегенмен мұндай жағдайда мамандардың тұрақты бақылауы аса маңызды.
«Әрбір жағдай жеке қарастырылады. Сондықтан әйелдер гинекологтың тұрақты бақылауында болып, уақытылы тексерулерден өтіп, жүктілікті жоспарлау мәселесін дәрігермен алдын ала талқылағаны жөн. Ерте диагностика мен дұрыс таңдалған емдеу тактикасы репродуктивтік денсаулықты сақтап, ана атануға мүмкіндік береді», – деді Гүлжаһан Жұмадуллаева.
Дәрігерлердің айтуынша, көрсетілген медициналық көмек Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүзеге асырылған.
Мамандар заманауи емдеу әдістері мен дәрігерлердің үйлесімді жұмысы күрделі клиникалық жағдайларда да оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.





