Соңғы жылдары Алматы облысы экономикалық өсімнің жоғары қарқынын көрсетіп қана қоймай, негізгі көрсеткіштердің барлығы дерлік айтарлықтай артты. Өңірлік жалпы өнім көлемі 6,7 триллион теңгеге жетіп, облыс республикалық рейтингте 10-орыннан 5-орынға көтерілді.
Экономиканың басты қозғаушы күшіне айналған сала – өнеркәсіп. Бүгінде бұл салада 74 мыңға жуық адам жұмыс істейді, бұл жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 10 пайызын құрайды. 2022 жылдан бері өндіріс көлемі 1,6 есеге өсіп, өңір Қазақстандағы жетекші өнеркәсіп орталықтарының біріне айналды. Өнеркәсіп өнімінің 88 пайыздан астамы өңдеуші сектордың үлесінде.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында да оң көрсеткіштер тіркелді. Өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты импорт көлемінен асып түсті: экспорт – 600 мың тонна, импорт – 278 мың тонна. Бұл ұзақ мерзімді кезеңдегі алғашқы оң динамика болып отыр. Мәселен, 2022 жылы экспорт көлемі 149 мың тоннаны, ал импорт 319 мың тоннаны құраған болатын.
Өңірдің экспорттық әлеуеті де айтарлықтай артты. Экспорт көлемі екі есеге өсіп, 1,1 миллиард АҚШ долларына жетті. Қазіргі таңда облыстың 49 кәсіпорны шетелдік нарықтарға өнім шығарып, жергілікті өнімдер әлемнің 60 еліне экспортталуда.
Ауыл шаруашылығы өңір экономикасының негізгі өндірістік тіректерінің бірі болып қала береді. Бұл салада халықтың 17 пайызы еңбек етеді, яғни 135 мың адам жұмыспен қамтылған. Саланың өңірлік жалпы өнімдегі үлесі 7 пайызды құрайды.
Сонымен қатар облыста инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгінде нормативтік талаптарға сай келетін жолдардың үлесі 95 пайызға жетті (бұрын – 90 пайыз). Жалпы көлемі 3,7 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 7,7 мың кезекте тұрған азамат баспанамен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 3,8 мың әлеуметтік осал топ өкілі жаңа қонысқа ие болды.
Сондай-ақ өңірде 100-ден астам әлеуметтік нысан салынды. Атап айтқанда, 51 денсаулық сақтау мекемесі, 48 мектеп, 9 мәдениет үйі және 7 спорт нысаны пайдалануға берілді.
Туризм саласын дамыту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Соңғы жылдары бұл бағыт ауылдық жерлердегі халықтың табыс көздерінің біріне айналып келеді. Туристер ағыны екі есеге артты.
Айта кету керек, Алматы облысы жергілікті бюджет кірістері бойынша субвенция алатын өңірлер арасында бірінші орында тұр. Бюджет кірістері 2,5 есеге өсіп, 317,3 миллиард теңгеден 768,5 миллиард теңгеге дейін жетті.
Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев «Заң және тәртіп» қағидатының арқасында Алматы облысында құқық бұзушылықтар саны 14,4 пайызға төмендегенін атап өтті. Құқық қорғау органдарының, сондай-ақ ауылдар мен қалалардағы учаскелік инспекторлардың жұмысы күшейтілді.
Ал «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүздеген ауыл, ондаған демалыс орындары, саябақтар мен рекреациялық аймақтар абаттандырылып, мыңдаған жаңа ағаш көшеттері отырғызылды. Экологиялық акцияға өңір тұрғындары белсенді қатысып, облыстың ғана емес, тұтас елдің дамуына өз үлестерін қосты.
Өңірдің тағы бір маңызды жетістігі – Алатау қаласының қарқынды дамуы. Жаңа қаланың өркендеуі тек Алматы облысының ғана емес, бүкіл елдің дамуына серпін берді. Бүгінде қалаға тартылған инвестициялар көлемі үш есеге артып, 116 миллиард теңгені құрады.





