Мемлекет басшысы жиын барысында екі жыл бұрын Алатау қаласын салу туралы шешім қабылданғанын еске салды. Оның айтуынша, жаңа қала Қазақстанның инвестициялық, технологиялық және инновациялық дамуының жаңа орталығына айналуы тиіс.
«Бүгін біз Алатау қаласын дамыту бойынша өзекті мәселелерді талқылаймыз. Баршаңызға мәлім, мен осыдан екі жыл бұрын болашақ қаласы – Алатау шаһарын салу туралы шешім қабылдадым. Бұл жобаның тұтас еліміз үшін стратегиялық маңызы зор», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекет Алатауға инвестиция тартып, оны бизнес пен инновацияның жаңа орталығы ретінде дамытуға ниетті.
«Біз осы қалаға инвестиция тартып, оны бизнестің және инновацияның жаңа орталығы ретінде дамытатын болдық. Осы жерде өмір сүру, жұмыс істеу азаматтарымызға, әсіресе, өскелең ұрпаққа мол мүмкіндік бермек», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Алатау қаласын дамытуға ерекше мән берілетінін атап өтіп, осыған байланысты қаланың құрылыс қағидаттары заңнамалық деңгейде бекітілгенін айтты.
«Сондықтан Алатау қаласы құрылысының негізгі қағидалары жаңа Конституцияға енгізілді. «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заң қабылданды», – деді ол.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Алатау қаласын дамытуға қатысты алдағы міндеттерді нақтылап алу қажеттігін атап өтті.
«Осы тұста бірнеше маңызды мәселені пысықтап алуымыз керек. Алдымен, осы кезге дейін жүргізілген жұмыспен танысайық. Сонымен қатар жедел мәселелер мен ұзақ мерзімге арналған міндеттерге тоқталу қажет. Бір сөзбен, алдағы жұмыстың бағдарын айқындап алған жөн», – деді Президент.





