Құрылыс жұмыстарының басталуына арналған салтанатты рәсімде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Жанболат Жөргенбаев облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен бірге болашақ ғимараттың іргетасына уақыт капсуласын салды.
Шараға облыстық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер, этномәдени бірлестіктердің, ақсақалдар мен аналар кеңесінің мүшелері қатысты.

Қазіргі таңда Алматы облысында 105 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп келеді. Өңірде тіркелген 34 этномәдени бірлестік пен қоғамдық ұйым түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, қоғамдық келісім мен өзара сенімді нығайтуға үлес қосуда. Жаңа «Достық үйі» осы ұйымдардың басын қосатын маңызды орталыққа айналмақ.
Мұнда этномәдени бірлестіктердің тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасалып, жастар бастамаларын қолдауға, мәдени және қоғамдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін заманауи орта қалыптастырылады.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бұл жобаның өңір үшін тарихи маңызы бар екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылғы XXXIV сессиясында көпэтносты Алматы облысында «Достық үйін» салу қажеттігі жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бүгін сол маңызды тапсырманың жүзеге аса бастағанына куә болып отырмыз. Бұл шаңырақ ел бірлігі мен татулығының ордасына айналады деп сенемін», – деді өңір басшысы.

Әкімнің айтуынша, 2022–2025 жылдар аралығында Алматы облысына 3,7 триллион теңге инвестиция тартылған. Осы кезеңде жалпы құны 930,3 миллиард теңгені құрайтын 120 жоба іске қосылып, 14 мың жаңа жұмыс орны құрылған.
Ал «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облысы бойынша төрағасы Вера Плетнева жаңа ғимарат жастардың бастамаларын жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.
«»Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді халқымыз. Алматы облысында «Достық үйінің» бой көтеруі біздің жұмысымызға серпін беріп, жаңа белестерді бағындыруға жол ашады. Әсіресе Ассамблея жастарына үлкен үміт пен жігер сыйлайды», – деді ол.
Жобаға сәйкес, екі қабатты ғимаратта этномәдени орталықтар мен бірлестіктердің кабинеттері, 56 орындық конференц-зал және 300 орындық мәжіліс залы орналасады. Сонымен қатар, ғимарат алдына биіктігі 92 метр болатын Ту тұғыры орнатылады.
Құрылыс жұмыстары үш ай бойы жүргізіліп, нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.





