Министрдің айтуынша, аталған заң жобасы 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру мақсатында әзірленген.
«Жаңа Конституцияда Қазақстан халқының мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі ретіндегі ерекше рөлі бекітілген. Жаңарған конституциялық модельдің өзегінде адам, оның қадір-қасиеті, құқықтары мен бостандықтары тұр. Ата заңымыздың мазмұны мен логикалық құрылымына сүйене отырып, жаңа Конституция шын мәнінде халықтық сипатқа ие болды деуге толық негіз бар. Жоғарғы консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы осының айқын дәлелі», – деді министр.
Ерлан Сәрсембаевтың сөзінше, заң жобасында Қазақстан Халық Кеңесінің жоғары конституциялық консультативтік орган ретіндегі құқықтық мәртебесі нақты айқындалады.
«Онда Кеңестің мақсаттары, міндеттері мен қызмет қағидаттары белгіленеді. Сондай-ақ өкілеттіктері, ішкі құрылымы және қалыптастырылу тәртібі бекітіледі. Заң жобасының негізгі тұжырымдамасы – қоғам мен мемлекет арасындағы жалпыұлттық диалогтың тұрақты тетігін жүйелі түрде қалыптастыруға бағытталған», – деді ол.
Министрдің айтуынша, Қазақстан Халық Кеңесі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асырудың негізгі құралдарының бірі болады.
Сонымен қатар ол жаңа институт мемлекеттік органдардың жұмысын алмастырмайтынын және олардың функцияларын қайталамайтынын атап өтті.
«Бұл – ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша келісілген ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеуге арналған пікір алмасу алаңы болады», – деді Әділет министрі.
Заң жобасына сәйкес, Қазақстан Халық Кеңесінің негізгі шешім қабылдайтын жоғары органы – Сессия болады. Оның құзыретіне заң жобаларын енгізу және референдум өткізу туралы бастама көтеру де кіреді.
Ал Сессиялар аралығында негізгі қызметті жүзеге асырып, шешімдерді дайындаумен алқалы орган – төралқа айналысады.





