Қайғылы оқиға Нұра ауылында болған. Полиция мәліметінше, ер адам 11 мамыр күні ауруханада пышақ жарақатынан көз жұмған.
Алдын ала ақпарат бойынша, марқұм түнгі уақытта ағасымен бірге зираттан қайтып келе жатқан. Осы кезде олардың жолын белгісіз көлік бөгеген.
Алматы облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, артынша жанжал туындап, көліктен шыққан үш адамның бірі жас жігіттің өкпе тұсына пышақ сұққан.
Оқиға туралы хабарлама түскеннен кейін полиция арнайы тосқауыл қойып, қосымша күш жұмылдырған.
Күдікті ретінде үш адам ұсталды. Олардың барлығы марқұмның ауылдастары екені айтылды.
Аталған факті бойынша «Кісі өлтіру» және «Бұзақылық» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта күдіктілер тергеу изоляторына қамалды.




