Депутаттың айтуынша, жаңа заң спутниктік интернеттің Қазақстан аумағында жұмыс істеуін реттеуге бағытталған.
«Бұл ең алдымен Қазақстанның киберқауіпсіздік талаптарына сай болуы керек деген қағидаға негізделеді. Яғни ел аумағында жұмыс істейтін операторлар ұлттық қауіпсіздік талаптарын сақтап, қажет болған жағдайда жерүсті инфрақұрылымын және антенналарын Қазақстан аумағында орналастыруы тиіс», – деді Әбутәліп Мүтәлі Мәжіліс кулуарында.
Оның сөзінше, Қазақстан аумағында тыйым салынған сайттар мен қосымшаларға қолжетімділік мәселесі де осы заң аясында реттеледі.
«Қазір Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат берілетін және берілмейтін сервистерге қатысты талаптар жаңа құқықтық тетік арқылы қатаң бақыланады. Бүгінде біз спутниктік интернет операторларымен, соның ішінде Starlink желісімен келісімшарттарға қол қою кезеңіндеміз. Алдағы уақытта Amazon компаниясының спутниктік интернет желісі және басқа да операторлар нарыққа кіруі мүмкін», – деді депутат.
Әбутәліп Мүтәлінің айтуынша, бұл жүйе тек бір компаниямен шектелмейді және жалпы спутниктік интернет нарығын қамтиды.
Сонымен қатар ол болашақта спутниктік интернеттің пойыздарда, ұшақтарда және республикалық жолдарда қолжетімді болатынын айтты.
«Құзыретті органның мәліметіне сәйкес, осы жылдың соңына дейін пойыздарда интернет іске қосылады. Ал республикалық тасжолдарды интернетпен қамту 2026 жылдың соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда алғашқы кезең ретінде Алматы–Астана бағыты бойынша республикалық трассада жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді депутат.





