ІІМ мәліметінше, интернет желісі мен әлеуметтік платформаларда жасөспірімдердің жарылыс, өрт қою және басқа да қауіптер туралы жалған ақпарат тарату деректері жиілеген.
Алматы облысында терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама жасағаны үшін 9-сыныптың екі оқушысы ұсталды. Тергеу барысында олардың Астана қаласы мен Алматы облысында тіркелген осындай 14 оқиғаға қатысы бары анықталған.
Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысындағы 9-сынып оқушысы әлеуметтік желідегі жанжалдан кейін басқа адамдардың атынан Шымкент қаласы әкімдігіне және Ақтау қаласындағы сауда үйлерінің біріне жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы электронды хаттар жібергені белгілі болды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдіктілер анонимді телефон нөмірлері мен электрондық пошталарды пайдаланған.
ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқармасы бастығының орынбасары Аман Әубәкіров мұндай әрекеттердің ауыр салдары барын ескертті.
«Бұл “әзіл” немесе қалжың болып көрінгенімен, мұндай әрекеттер қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады. Жалған қауіп туралы хабарламалар адамдар арасында дүрбелең туғызып, шұғыл қызметтердің жұмысына кедергі келтіреді. Мұндай қылмыс үшін бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылған. Барлық жағдай мұқият тексеріліп, күдіктілер заманауи технологиялардың көмегімен анықталады», – деді ол.
Сондай-ақ ІІМ өкілі азаматтарды тексерілмеген ақпаратты таратпауға және ата-аналарды балалардың интернеттегі әрекетіне мұқият болуға шақырды.
«Егер сізге қауіп туралы күмәнді хабарлама келсе, дереу полицияға хабарлаңыз», – деді Аман Әубәкіров.





