Салтанатты рәсім әлемдік мергендер жарысы өтіп жатқан Александр Асанов атындағы клуб базасында ұйымдастырылды.
«Скит» бағыты бойынша сынға түскен Әсем Орынбай іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, финалда жоғары нәтиже көрсетті. Шешуші кезеңде ол Қытай спортшысы Жианг Итингнен басым түсіп, алтын медаль иеленді. Осылайша, ел аумағында өтіп жатқан Әлем кубогында Қазақстан құрамасының медаль есебі ашылды.
Өңір басшысы спортшыны құттықтай отырып, бұл жеңістің ұлттық құрама үшін де, Алматы облысы үшін де айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, Әсем Орынбайдың жетістігі – кәсіби шеберлік пен табандылықтың жарқын көрінісі.
Айта кетейік, Әсем Орынбай халықаралық аренада жоғары нәтижелер көрсетіп жүрген спортшылардың бірі. Ол 2023 жылы да Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанған. Сонымен қатар спортшының қоржынында әлем чемпионатының қола жүлдесі, Әлем кубогының финалдық кезеңіндегі медальдар, сондай-ақ Азия ойындары мен Азия чемпионаттарының алтын жүлделері бар.
Еске салайық, додаға 43 елден 300-ге жуық спортшы қатысуда. Әлем кубогы 10 мамырға дейін жалғасады. Қазақстан құрамасы үшін алғашқы медальдің қоржынға түсуі команданың алдағы бәсекелерде де табысты өнер көрсетуіне серпін бермек.





