Жаңа нысан өңірдің спорт инфрақұрылымын дамытуға серпін беріп, балалар мен жасөспірімдердің жүйелі түрде спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасайды.
Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Бас прокуроры, Қазақстанның Ұлттық спорттық ату федерациясының президенті Берік Асылов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты.
Өңір басшысы өз сөзінде бұл жобаның дені сау, рухы мықты ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған маңызды әлеуметтік бастама екенін атап өтті.
Жаңа спорт кешенінде баскетбол, стритбол, гандбол, үстел теннисі, нысана көздеу, жүзу, велоспорт, семсерлесу және садақ ату бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Нысан аптасына кемінде 800 баланы қабылдай алады. Спортшылардың жаттығуына барлық қажетті жағдай жасалған.
Ғимарат құрамында көпфункционалды Final Hall ойын залы, бассейн, семсерлесу мен жаттығуға, сондай-ақ нысана атуға арналған арнайы алаңдар қарастырылған. Кешеннің жалпы ауданы 4,8 мың шаршы метрді құрайды, ал жобаның құны 2,5 миллиард теңгеге бағаланған. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылған.
Жобаны іске асыру нәтижесінде 73 жаңа жұмыс орны ашылып, А. Асанов атындағы мергендер клубының материалдық-техникалық базасы едәуір нығайтылды.
Алдағы уақытта бұл кешен өңірлік және республикалық жарыстарды, оқу-жаттығу жиындарын өткізуге, сондай-ақ спортшыларды дайындауда заманауи әдістемелерді енгізуге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мұндай заманауи спорт нысандарының құрылысы ұлт денсаулығына және отандық спорттың болашақ жетістіктеріне салынған маңызды инвестиция екенін атап өтті. Оның айтуынша, дәл осындай алаңдарда бұқаралық спорт резерві қалыптасып, халықаралық аренада ел намысын қорғайтын спортшылар тәрбиеленеді.





