Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдіктілер қазіргі уақытта қамауға алынған. Тергеу барысында олардың әрекет ету тәсілі ұқсас болғаны анықталған.
«Қылмыстық топ мүшелері далада қараусыз жайылып жүрген малды таңдап, оны күре жолдардың маңына айдап әкелген. Кейін алдын ала дайын тұрған жүк көліктеріне тиеп, өзге аудандарға тасымалдаған. Ұрланған малды жергілікті тұрғындарға сатып отырған», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Аталған заңсыз әрекеттер салдарынан шаруаларға айтарлықтай материалдық шығын келген. Полиция деректеріне сәйкес, күдіктілер 69 бас ұсақ мүйізді малды ұрлап, 7 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Ал ірі қара мал бойынша келген залал көлемі шамамен 20 миллион теңгеге жуықтаған.
Ішкі істер министрлігі мал ұрлығы үшін қарастырылған жаза қатаң екенін ескертті. Қазақстан заңнамасына сәйкес, мұндай қылмыс жасаған тұлғалардың мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қазіргі уақытта ұсталған азаматтарға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.





