Кеген ауданында орман шаруашылығы мамандары тұқымбақта өсірілген Шренк шыршаларын тау бөктеріне отырғызу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мамандардың айтуынша, жас көшеттер табиғи ортаға тез бейімделуі үшін олар кезең-кезеңімен егіледі.
Қазіргі таңда өңірде 264 гектар аумаққа 1 миллионнан астам қылқан жапырақты және 118 мың түп өзге де ағаш көшеттері отырғызылған.
Мамандар бұл жұмыстар орман қорын қалпына келтіруге арналған кешенді бағдарлама аясында жүзеге асып жатқанын айтады. Жобаның негізгі мақсаты – топырақты бекіту, жердің тозуын азайту және экологиялық тепе-теңдікті сақтау.
Айболат Солтанғазиев, Кеген орман шаруашылығының директоры, негізгі басымдық орманды қорғау, молықтыру және көбейту екенін атап өтті.
«2025 жылы 20 гектар жерге 120 мың көшет тау бөктеріне егілді. Биыл 15 гектар аумаққа тағы 100 мыңға жуық көшет отырғызылып жатыр. Өзіміздің тұрақты және базалық тұқымбақтарда көшет жеткілікті», – деді ол.
Мамандардың айтуынша, өңірде ормандарды қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады. Биыл жоспарланған 52 миллион көшет экожүйені сақтауға және жасыл қорды көбейтуге бағытталған маңызды қадам болмақ.





