Облыс әкімдігінде өткен кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, өзара әріптестікті кеңейтуге дайын екенін жеткізді.
Кездесу барысында Марат Сұлтанғазиев өңірдің экономикалық әлеуеті, инвестициялық мүмкіндіктері және жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар туралы айтты. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп, көлік және логистика, туризм, баламалы энергетика мен өнеркәсіп салаларындағы мүмкіндіктер таныстырылды.
Әкімнің айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстар тұрақты дамып келеді. Соның ішінде Алматы облысы мен Ресей арасындағы тауар айналымы өткен жылы 16 пайызға артқан.
«Бүгінде Алматы облысында Ресей капиталының және бірлескен капиталдың қатысуымен 216 кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл – екіжақты іскерлік ынтымақтастықтың жоғары деңгейінің көрсеткіші. Өңірде ауқымды инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Ауыл шаруашылығы, көлік, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарда үлкен әлеует бар», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жарлығымен құрылған Алатау инновациялық қаласы аясындағы мүмкіндіктерге тоқталып, құрылыс және құрылыс материалдарын өндіру саласына ресейлік инвесторларды шақырды.
Өз кезегінде Дмитрий Тураев екіжақты байланыстарды нығайтудың маңызын атап өтті. Ресей делегациясы ауыл шаруашылығы мен агроинженерия саласындағы тәжірибелерімен бөлісіп, өз өнімдерін Қазақстан нарығына шығаруға қызығушылық танытты.
Кездесу барысында өңіраралық ынтымақтастық, сауда-экономикалық байланыстар, мәдени-гуманитарлық және білім беру салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Сонымен қатар туризмді дамыту және ортақ тарихи-мәдени құндылықтарды ілгерілетуге басымдық берілді.





