Жаңа нысан – өңірде жастар инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың жалғасы. Бұған дейін облыс әкімдігінің қолдауымен Балқаш, Кеген, Райымбек және Қарасай аудандарында осындай орталықтар бой көтерген. Сондай-ақ Қонаев қаласы мен Іле, Ұйғыр аудандарында коворкинг орталықтар жұмыс істеп тұр.
Талғардағы жаңа орталық жастардың жан-жақты дамуына, жаңа идеяларын жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Ғимарат толықтай заманауи жиһазбен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда кездесулер мен іс-шараларға арналған мәжіліс залы, шығармашылық бастамаларды қолдауға арналған коворкинг алаңы қарастырылған. Сонымен қатар, еріктілер клубы жұмыс істеп, жастарды мейірім мен жанашырлыққа тәрбиелеуге бағытталады.
Ресми деректерге сәйкес, бүгінде Алматы облысында 432 мың жас бар. Оның 70 мыңнан астамы Талғар ауданында тұрады. Оның ішінде шамамен 2 мыңға жуық жас NEET санатына жатады. Орталық мамандары осы санаттағы жастарға бағыт-бағдар беріп, олардың қоғаммен белсенді араласуына жағдай жасайды.
Жалпы, жаңа орталықтың ашылуы өңір жастарына қолдау көрсетіп, олардың әлеуетін дамытуға және болашағын айқындауға оң ықпал етпек.





