Бағдарлама шеңберінде шағын форматтағы кездесулерден бастап, ауқымды сенбіліктер, ағаш отырғызу науқандары, экологиялық челлендждер, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен танымдық тренингтер өткізу көзделген.
Бүгін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен өткен жиында осы бағыттағы жұмыстар сараланып, алдағы жоспарлар бекітілді. Аймақ басшысы кемшіліктерді жойып, жұмысты күшейтуді тапсырды.
Жыл басынан бері өңірде экологиялық шараларға 120 мыңға жуық адам қатысқан. Нәтижесінде 1321 тонна қоқыс жиналып, 102 арнайы техника жұмылдырылып, 450 гектарға жуық аумақ тазартылған.
Сондай-ақ тұрғындардан Telegram-бот арқылы 1402 өтініш түсіп, оның 1132-сі орындалған, 259-ы кері қайтарылған, ал 11 өтініш қаралу үстінде.
Облыста көктемгі-күзгі санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары бойынша арнайы қаулы қабылданған. Соған сәйкес барлық аудан, қала және елді мекендер, сондай-ақ 2000-ға жуық кәсіпорын қамтылады. Аптасына екі рет – бейсенбі және сенбі күндері жаппай сенбіліктер өткізіледі. Бұл жұмыстарға 30 мыңға жуық адам мен 50-ге тарта арнайы техника жұмылдырылады.
Биыл өңірде 220 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған. Жыл басынан бері оның 22 мыңы егілген.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қонаев қаласында 10 гектар аумақты қамтитын экопарк құру жұмыстары басталды. Бұл жерде 5 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Көшпенділер қалашығы» маңында да экопарк салу көзделген, онда 18 сәуірде 500 түп ағаш отырғызу жоспарланған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың орман қорын ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2021-2027 жылдар аралығында облыста 23,8 мың гектар аумаққа 52,6 млн ағаш отырғызу көзделген. Соңғы бес жылда бұл жоспар 83 пайызға орындалған.
Биыл 2077 гектар жерге 4,6 млн көшет отырғызу жоспарланған. Өңірде жалпы аумағы 129,9 гектарды құрайтын 12 тұқымбақ жұмыс істейді, олар қажетті көшеттермен толық қамтамасыз ете алады.
«Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы аясында да бірқатар жұмыстар атқарылған. Түрген шатқалындағы және басқа да аумақтардағы бұлақтар тазартылып, 300 түп ағаш отырғызылды. Бұл шараларға 1500-ден астам адам қатысып, 21 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар 42 шақырым канал тазартылып, 80 ағаш отырғызылған.
Аймақ басшысы экологиялық жұмыстардың тиімді жүзеге асуы үшін жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктеді.
«Экологиялық шаралардан өңірдегі ешбір елді мекен қалыс қалмауы тиіс. Тазалық талаптарын сақтамағандарға қатысты тиісті шаралар қолданылуы қажет. Бұл бағытта бақылау күшейтілуі керек. Қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыру басты міндеттердің бірі», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Облыс әкімінің айтуынша, мұндай жұмыстар тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның қатысуымен жүзеге асқанда ғана нақты нәтиже береді.





