Үміткерлер 1 сәуір мен 1 маусым аралығында тіркеліп, құжаттарын тапсыра алады. Биыл құжат қабылдау мерзімі екі аймен шектелген. Өтініштер admission.apa.kz ақпараттық жүйесі арқылы онлайн форматта қабылданады.
«Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында магистратураға 200, ал докторантураға 12 адам қабылданады. Айта кету керек, бұған дейін магистратураға 120 грант бөлінсе, биыл олардың саны 80 орынға артты»,-дейді Қазыбек Дауталиев.
Айта кету керек, жаңа оқу жылында құжаттар бұрынғы 12 емес, 15 білім беру бағдарламасы бойынша қабылданады.
«Биыл академияда бірнеше жаңа білім беру бағдарламалары іске қосылды. Олардың қатарында «ML-Құқық», «EMBA – Іскерлік әкімшілендіру» және «DDPA – Цифрлық мемлекеттік басқару» бар. Сонымен бірге бірқатар бағдарламаларға өзгерістер енгізілді. Мысалы, «Мемлекеттік саясат», «Халықаралық қатынастар» және «Экономика» бағдарламалары ғылыми-педагогикалық бағытқа ауыстырылып, оқу мерзімі 1,5 жылдан 2 жылға дейін ұзартылды. Ал «Өңірлік даму» және «Адами ресурстарды басқару» бағдарламаларының оқу мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұлғайтылды. «Адами ресурстарды басқару» бағдарламасы «Адами ресурстарды стратегиялық басқару» атауына өзгертілді,-деп сабақтады өз сөзін спикер.
Қабылдау процесінің негізгі мерзімдері де бекітілген. Құжат қабылдау 1 сәуірден 1 маусымға дейін жүргізіледі. Конкурстық іріктеу 5–19 маусым аралығында өтеді. Аналитикалық эссе 5–7 маусым күндері жазылады, ал сұхбаттар 5–19 маусым аралығында ұйымдастырылады. Алдын ала қабылдау нәтижелері 25 маусымда жарияланып, қорытынды қабылдау 10 шілдеде аяқталады. Оқу жылы 1 қыркүйекте басталады.