Қаулыға сәйкес, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдеріне 2026 жылдың наурыз–маусым және қыркүйек–желтоқсан айларында шақыру науқанын ұйымдастыру тапсырылды.
Сонымен қатар, 18 бен 27 жас аралығындағы, кейінге қалдыру немесе босату құқығы жоқ 43 231 ер азаматты әскерге шақыру жоспарланған. Бұдан бөлек, шақыру пункттерін медициналық қамтамасыз ету міндеті жүктелді.
Ішкі істер министрлігіне шақырылушыларды жинау және әскерге жөнелту орындарында қоғамдық тәртіпті сақтау үшін күшейтілген кезекшілік ұйымдастыру тапсырылды.
Ал Көлік министрлігі Қорғаныс министрлігінің өтінімдері негізінде запасқа шығарылған әскери қызметшілерді, сондай-ақ Қарулы Күштерге, ІІМ-ге, ТЖМ-ге, ҰҚК-ге және Мемлекеттік күзет қызметіне шақырылған азаматтарды тасымалдауды қамтамасыз етеді.
Қорғаныс, ішкі істер және төтенше жағдайлар министрліктеріне шақырылған азаматтар мен запасқа шығарылған әскери қызметшілерді тасымалдау шығындарын бюджет аясында өтеу міндеттелді.
Айта кетейік, қаулы 2026 жылғы 20 наурыздан бастап күшіне енді.





