Оқиға Шонжы маңындағы демалыс орнынан Алматыға қарай жолға шыққан отбасының белгіленген уақытта үйіне оралмауынан басталған. Екі ересек адам мен екі бала мінген көлікпен байланыс үзіліп, туыстары құтқарушылардан көмек сұраған.
Іздестіру жұмыстарына Алматы облысының құтқарушылары мен «Барыс» жасағы жұмылдырылды. Таулы аймақтағы қалың қар мен отбасы отағасының телефонының сөніп қалуы іздеу жұмыстарын қиындатқан.
Түнгі сағат 05:00 шамасында жоғалған отбасы Асы үстірті аумағында, Бартоғай су қоймасының маңынан табылды.
Анықталғандай, жол талғамайтын көлік күрделі тау жолында қарға батып, қозғала алмай қалған. Соның салдарынан отбасы тау ішінде түнеп шығуға мәжбүр болған.
Құтқарушылардың мәліметінше, балалар мен ересектердің жағдайы жақсы, медициналық көмек қажет болмаған. Мамандар көлікті қар құрсауынан шығарып, қауіпсіз жол бөлігіне дейін сүйреп жеткізген.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды таулы аймақтарға сапар алдында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.
«Тауға шықпас бұрын ауа райы болжамын және жолдың жағдайын міндетті түрде тексеру қажет. Маршруттың қауіпсіздігіне көз жеткізіп, көліктің техникалық дайындығын және байланыс құралдарының қуатын бақылаңыз», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында төтенше жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туды.





