Жаңартылған талаптар азаматтардың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттыруға, кәсібилікті күшейтуге және қоғаммен ашық әрі адал қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Бұл стандарттар қызметтік мінез-құлықпен қатар жеке этиканы да қамтып, тиімді әрі жауапты басқарудың негізін қалыптастырады.
Жаңа талаптарда қарапайымдылық, жалпыға ортақ моральдық-этикалық нормаларды сақтау және жалған ақпарат таратпау басты назарда. Мемлекеттік қызметшілер мемлекет мүддесіне және азаматтардың құқықтарына зиян келтіретін кез келген әрекеттерге қарсы тұруы тиіс.
Сондай-ақ мүдделер қақтығысын болдырмау және заң талаптарын қатаң сақтау маңызды. Қызметтік өкілеттікті жеке немесе коммерциялық мақсатта пайдалануға, орынсыз уәде беруге қатаң тыйым салынады.
2023 жылғы 2 қарашадағы Президент Жарлығына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге қызметтік міндеттеріне байланысты жағдайларды қоспағанда, құмар ойын орындарына баруға да шектеу енгізілген.
Азаматтармен қарым-қатынас және қызметтік этикет
Азаматтармен жұмыс барысында мемлекеттік қызметшілер сыпайылық пен әдептілікті сақтауы қажет. Дөрекілікке, адамның ар-намысына тиетін әрекеттерге жол берілмеуі тиіс.
Сондай-ақ олардың сыртқы келбеті іскерлік стильге сай, жинақы және ұқыпты болуы керек. Бұл мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға ықпал етеді.
Ұжымдағы қарым-қатынас мәдениеті
Мемлекеттік қызметшілер ұжым ішінде іскерлік әрі достық қарым-қатынасты нығайтуға, әріптестермен тиімді ынтымақтастық орнатуға міндетті.
Әріптестердің ар-намысына нұқсан келтіретін пікірлерден аулақ болу, әділдік пен бейтараптықты сақтау – негізгі талаптардың бірі. Сонымен қатар ұжымда кемсітусіз, қолайлы моральдық-психологиялық орта қалыптастыру маңызды.
Діни көзқарастарды күштеп таңуға және әріптестерді этикаға қайшы әрекеттерге мәжбүрлеуге жол берілмейді.
Қоғам алдындағы жауапкершілік және жария пікір
Мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік саясатқа қатысты немесе қызметтік мәселелер бойынша ресми ұстанымға қайшы келетін пікірлерді жария түрде білдіруге кеңес берілмейді.
Рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты жариялау немесе лауазымды тұлғаларға қатысты әдепсіз пікір айтуға тыйым салынады. Мемлекеттік орган қызметіне қатысты ресми мәлімдемелерді тек басшылық немесе уәкілетті тұлғалар жасайды.
Қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық
Қызметтен тыс уақытта да мемлекеттік қызметшілер жалпыға ортақ моральдық-этикалық нормаларды сақтауы тиіс. Өз лауазымын жеке пайда үшін пайдалануға болмайды.
Қоғамға қарсы әрекеттер мен қоғамдық моральға қайшы мінез-құлыққа жол берілмейді.
Мамандардың айтуынша, бұл талаптар мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін, жауапкершілігін және адалдығын арттыруға бағытталған. Ал бұл өз кезегінде азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтады.
Алматы облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары, әдеп жөніндегі уәкіл
Г. Аманова





