Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қолға алынған. Оның негізгі мақсаты – коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру, экологиялық ахуалды жақсарту және өңірдің тұрақты дамуына жағдай жасау.
Жобаның жекеменшік әріптесі 2023 жылдың ақпан айында өткен конкурс қорытындысы бойынша анықталған. Байқау жеңімпазы болып «Daur Capital» ЖШС танылды. Ал жобаны іске асырудың постинвестициялық кезеңі 2026 жылдың 1 қаңтарынан 2030 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады. Жобалық-сметалық құжаттама 2025 жылғы 15 шілдеде «Мемсараптама» РМК-ның оң қорытындысын алған.
Жобаға сәйкес, кәріз тазарту жүйесінің қуаттылығы тәулігіне 25 мың текше метр суды тазартуға есептелген. Қажет болған жағдайда бұл көрсеткішті 31 мың текше метрге дейін ұлғайту мүмкіндігі қарастырылған. Орташа есеппен сағатына 1037 текше метр, ал ең жоғары жүктеме кезінде 1611 текше метрге дейін су тазартуға мүмкіндік бар.
Инфрақұрылымдық жоба аясында жалпы ұзындығы 36 шақырымды құрайтын екі желіден тұратын қысымды кәріз құбыры, үш кәріз сорғы станциясы және өзге де инженерлік нысандар салынады. Сонымен бірге ұзындығы 41 шақырым электр желілері, үш трансформаторлық қосалқы станция, 22,3 шақырым газ құбыры, 22,4 шақырым сыртқы байланыс желілері және жалпы ұзындығы 2,8 шақырым автомобиль жолы қарастырылған. Бұдан бөлек, көлемі 7,5 миллион текше метр болатын тазартылған суға арналған жинақтаушы тоған салу жоспарланған.
Мамандардың мәліметінше, нысанның құрылысы 20 ай ішінде аяқталуы тиіс. Жобаны толық аяқтау мерзімі 2027 жылдың 30 қыркүйегіне жоспарланған. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына рұқсат 2026 жылғы 26 қаңтарда берілген. Қазір нысанда дайындық кезеңі жүріп жатыр: геодезиялық ізденістер жүргізіліп, уақытша тұру орындары салынуда.
Бүгінде құрылыс алаңында 17 техника мен шамамен 50 маман жұмыс істеуде. Жинақтаушы тоғандар аумағында 40 мың текше метр топырақты қазу және шығару жұмыстары орындалған. Сонымен қатар нысанға сыртқы электр желілеріне арналған тіректер, қалыптау жүйелері жеткізілген. Газ жүйесін тарту үшін ұзындығы 22 шақырымнан асатын құбырлар да әкелінген.
Мамандар бұл жобаның жүзеге асуы Қонаев қаласындағы су тазарту деңгейін едәуір арттырып, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік беретінін айтады. Сондай-ақ жоба қарқынды дамып келе жатқан қалаға сай заманауи инженерлік инфрақұрылым қалыптастыруға жол ашады.





