Өңірде барлығы 677 саяжай қауымдастығы бар. Соның ішінде 367-сі 2023 жылдан бері елді мекендер құрамына енгізілген.
Саяжай алқаптарының ең көбі Қарасай ауданында – 203, Іле ауданында – 118, Талғар ауданында – 151, Еңбекшіқазақ ауданында – 135, Жамбыл ауданында – 21. Сонымен қатар Қонаев және Алатау қалаларында тиісінше 9 және 40 саяжай алқабы орналасқан.
2025 жылы төрт елді мекеннің құрамына 23 бау-бақша қауымдастығын енгізу үшін қала құрылысы құжаттамасын дайындау аяқталған. Қазіргі уақытта шекараларды өзгерту жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін саяжай тұрғындары ресми түрде ауыл тұрғыны мәртебесіне ие болады.
Мәселен, Қарасай ауданында Көлащы ауылына «Аймөлдір» бау-бақша қауымдастығы және атауы жоқ тағы бір алқап қосылады. Тұрар ауылына бір саяжай алқабы, ал Бекболат ауылына «Саян» бау-бақша қауымдастығы енгізіледі.
Еңбекшіқазақ ауданында Азат ауылының құрамына «Энтузиаст», «Алмагүл 2», «Арман 2», «Звездочка», «Виктория», «Достық» және басқа да бірқатар серіктестіктер қосылады.
Биыл тағы үш елді мекен бойынша құжаттар әзірленіп, олардың құрамына 47 саяжай серіктестігін енгізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Еңбекшіқазақ ауданында Бөлек ауылына «Кировец-37», «Дружба», «Таугүл», «Жетісу», «Есік», «Ромашка» және басқа да ондаған алқапты қосу көзделген.
Ал Қарасай ауданында Ұлан және Кемертоған ауылдарының құрамына «Каштан», «Жайық», «Шығыс Агро», «Нұр Плаза», «Нават» және «Алаш Орда» алқаптары енгізіледі.
Айта кетейік, жердің нысаналы мақсатын өзгерту мәселесі саяжай тұрғындары үшін өзекті болып отыр. Бұл мүмкіндік елді мекендердің бас жоспары мен қала құрылысы құжаттарына сәйкес қарастырылады. Яғни жердің нысаналы мақсатын өзгерту тек бекітілген жоспарларға сәйкес келген жағдайда ғана рұқсат етіледі.





