Кеңеске Мәулен Әшімбаев, Ерлан Қошанов, Олжас Бектенов, Ерлан Қарин, Айбек Дәдебай, Ержан Жиенбаев және Ерлан Сәрсембаев қатысты.
Президент бүгін «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы алдағы кезеңде заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілерді жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілетінін айтты. Оның айтуынша, ең алдымен жаңа Конституцияға сәйкес билік институттарының қызметін реттейтін заңдарды қайта қарау қажет.
Жалпы алғанда, алты конституциялық заңға және басқа да заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде үш заң қабылдау жоспарланып отыр.
Конституцияның күшіне ену мерзімін ескере отырып, тиісті заңдарды Парламент сессиясы аяқталғанға дейін қабылдау қажет.
Мемлекет басшысы жауапты органдарға заңдарды сапалы әрі уақытылы әзірлеп, қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар Үкіметке заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді кешіктірмей сәйкестендіру міндеті жүктелді.





