Бұған дейін қолданыста болған норма бойынша, ақылы жолмен жүрген жүргізушілер жолақыны 7 күн ішінде төлеуі тиіс еді. Егер бұл мерзімде төлем жасалмаса, 8-ші күні материалдар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс аясында қарау үшін көліктік бақылау органдарына жіберілетін.
Ал жаңа бұйрыққа сәйкес, төлем жасау мерзімі едәуір ұзартылды. Енді жүргізуші жол жүрген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде төлем жасай алады.
«Егер жеке тұлға жол жүрген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде төлем жасамаса, материалдар 31-ші күні заңнамада белгіленген тәртіппен көліктік бақылау органдарына жолданады», – деп хабарлады Көлік министрлігі.
Министрлік мәліметінше, енгізілген өзгерістер жүргізушілерге ыңғайлы жағдай жасауға бағытталған. Осылайша қазақстандықтар үшін ақылы жолдар бойынша төлем жасау мерзімі ұзартылып, қосымша мүмкіндік беріліп отыр.





