ОРК деректеріне сәйкес, референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 482 613 адамды құрады. Олардың ішінде 9 127 192 азамат немесе 73,12 пайызы дауыс беруге қатысқан.
Референдумға шығарылған мәселені оң шешіммен қолдап дауыс бергендердің саны – 7 954 667 адам, бұл дауыс беруге қатысқан азаматтардың 87,15 пайызын құрайды.
Ал 898 099 азамат ұсынылған мәселеге қарсы дауыс берген. Сондай-ақ 146 558 бюллетень жарамсыз деп танылған.
ОРК өкілінің айтуынша, референдумға қатысқан азаматтардың үлесі заңнамада белгіленген талаптарға сай болғандықтан, референдум өтті деп есептеледі.
«Дауыс беруге қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі, яғни 73,12 пайызы референдумға қатысқандықтан, “Сіз жобасы 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?” деген сұрақ бойынша референдум өтті деп есептелсін», – деді ОРК өкілі.
Сонымен қатар комиссия мәліметінше, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы немесе 87,15 пайызы жаңа Конституцияны қолдағандықтан, жаңа Конституция қабылданды деп есептеледі.





