Көрмеде ананың мейірімі, тәрбиесі және қоғамдағы маңызды рөлі бейнеленген фотосуреттер арнайы мольберттерге орналастырылып, келушілер назарына ұсынылды.
Фотокөрме Іле ауданының құрылуынан бастап оның дамуына еңбек сіңірген аналарға арналды. Учаскеге келген тұрғындар көрмені тамашалап, отбасы құндылықтары мен анаға деген құрметтің маңызын атап өтті.
Ауданның Құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет үздігі, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Тлеукен Копбаева бұл бастаманың тәрбиелік мәні зор екенін айтты.
«Мен осы ауданда мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар еңбек еттім. Қазір зейнеткерлік демалыстамын, бірақ еліміз үшін маңызды шарадан қалыс қалмай, бүгін өз дауысымды бердім. Бұл шара жас ұрпаққа үлгі болып, отбасы құндылықтарын дәріптеуге септігін тигізеді. Ел болашағы баянды, аспанымыз ашық болсын!» – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай мәдени бастамалар тұрғындарға отбасының берекесі мен ананың қоғамдағы рөлін көрсетіп, жылы әсер қалдырады. Сонымен қатар осындай көрмелер дауыс беру учаскелерінде ерекше достық атмосфера қалыптастыруға ықпал етеді.





