Министрлік ақпаратынша, қазіргі таңда ведомство құзырлы мемлекеттік органдармен және шет мемлекеттердің билік құрылымдарымен тәулік бойы өзара іс-қимыл жүргізіп жатыр. Қазақстанның шетелдегі мекемелері күшейтілген жұмыс режиміне көшірілген.
Қақтығыс аймағында және транзиттік аумақтарда жүрген отандастарға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде. Азаматтардың тізімдері өзектендіріліп, жедел ақпарат алмасу үшін мессенджерлерде арнайы чаттар құрылған. Бұл чаттарда елдегі ахуал туралы мәліметтер мен тиісті ұсынымдар жарияланып жатыр.
Сонымен қатар, СІМ-де және шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерде шұғыл байланыс желілері іске қосылған. Қақтығыс аймағындағы қазақстандықтардың нақты саны анықталып жатыр. Ведомство транзиттік аймақтарда жүрген азаматтардың нақты санын айту қиын екенін атап өтті.
Дипломатиялық өкілдіктер туристік компаниялармен бірлесіп, әуежайлар мен транзиттік аймақтарда жүрген азаматтарды орналастыру мәселесінде қолдау көрсетуде. Бұдан бөлек, қазақстандықтарды қауіпті аймақтардан эвакуациялау бағыттары пысықталып жатыр.
Қосымша түсіндірмелер министрліктің және шетелдегі мекемелердің ресми ресурстарында, сондай-ақ Kaspi Travel қосымшасы арқылы жарияланатыны хабарланды.
СІМ азаматтарды сабыр сақтауға, жергілікті билік органдарының талаптары мен ұсынымдарын қатаң ұстануға, қауіпті аймақтардан аулақ болуға және енгізілген шектеулерге түсіністікпен қарауға шақырды.
Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары арасында зардап шеккендер туралы ақпарат тіркелмеген. Жаңа мәліметтер түскен жағдайда ресми ақпарат жедел түрде жарияланады.





