Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті елшісі Мағжан Ілиясовтың АҚШ президентіне Сенім грамотасын тапсыру рәсімінен кейін Дональд Трамп пен қазақстандық дипломат арасында қысқаша әңгіме өрбіген.
Кездесу барысында Америка Құрама Штаттарының басшысы биыл қараша айында Ақ үйде Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен кездесуден алған әсерімен бөлісті. Дональд Трамп Қазақстан Президентіне жылы лебізін жолдап, оны ерекше құрметтейтінін атап өтті.
Сондай-ақ АҚШ президенті Мемлекет басшысын «халықаралық үдерістерді терең білетін, жан-жақты ойлай алатын тәжірибелі мемлекет қайраткері әрі керемет адам» деп сипаттады.
Әңгіме соңында Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнап сый-сыяпат жолдады. Сыйлықтардың қатарында Ақ үйдің символикалық кілті мен АҚШ президентінің қолтаңбасы қойылған бейсболка бар.





