Менеджердің айтуынша, 2026 жылдың басында Жәнібек Әлімханұлының чемпиондық титулдарының тағдыры 8 қаңтарға жоспарланған В сынамасының нәтижесіне тікелей байланысты болмақ.
«Қазір екі түрлі сценарий бар. Егер 8 қаңтарда алынған екінші сынама таза болып шықса, біз чемпиондық белбеулерімізді сақтап қаламыз және карьерамызды әрі қарай жалғастырамыз. Біз бұған сенеміз, өйткені шындық біздің жағымызда. Ал егер нәтиже керісінше болса, Жәнібекті чемпиондық титулдарынан айырып, белгілі бір мерзімге бокстан шеттетуі мүмкін», – деді Берік Сұлтан.
Сонымен қатар, менеджер кез келген жағдайға дайын екенін атап өтті.
«Тіпті ондай шешім қабылданған күннің өзінде біз тоқтап қалмаймыз. Жәнібек әлі жас, оның кәсіби мансабы аяқталған жоқ. Біз алға қарай жүреміз», – деп қосты ол.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы қазіргі таңда орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы болып саналады. Оның болашағына қатысты нақты шешім В сынамасының қорытындысы шыққаннан кейін белгілі болады.





