Қазіргі уақытта елде өзара байланысты бірқатар саланың қызметтерін біріктіретін Бірыңғай цифрлық платформа әзірленіп жатыр. Бұл жүйеге жекеменшік мектептер де енгізіледі. Бұрынғыдай бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану немесе артық ақша алу мүмкіндігі болмайды. Қазірдің өзінде жеке меншік мектептердің 86 пайызы аталған платформаға тіркеліп, келісімге қол қойған.
Министрліктердің түсіндіру жұмыстары да басталған. Қаржы министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі жекеменшік мектеп директорларына жаңа қаржыландыру модельдерін түсіндіру бойынша семинарлар өткізіп жатыр. Биылғы оқу жылында көрсетілген қызметтер үшін төлемдер бұрынғы тәртіппен жүргізіледі, ал 2026 жылдан бастап барлық қаржылық есеп-қисап жаңа ақпараттық жүйе арқылы реттеледі.
Кеңес барысында Премьер-министр Олжас Бектенов жекеменшік мектептерді қаржыландыруда заңсыздықтар көп екенін ашық айтты.
«Тексеру нәтижелері жеке меншік мектептерді қаржыландыруда көптеген заң бұзушылықтардың бар екенін көрсетті. Шын мәнінде, мемлекет жоқ оқушылар үшін де ақша төлеп келген. Саланың айналасында тұтас заңсыз индустрия пайда болды. Келесі қаржыландыру жылынан бастап Оқу-ағарту министрлігі мен Қаржы министрлігі бұл салада тәртіп орнатуы керек. Бірде-бір мемлекеттік теңге заңсыз ойыншылардың немесе шенеуніктердің қалтасына кетпеуі тиіс», – деді Премьер-министр.





