Қаржыгерлер қауымы қоғам назарында жиі болмаса да, бюджет тұрақтылығын сақтау, әлеуметтік міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету және өңірдің дамуына серпін беру бағытында маңызды рөл атқарады. Сол себепті облыс орталығында өткен мерекелік шарада сала мамандарына ерекше құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов сөз сөйлеп, сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады. Ол қаржы жүйесінің өңір экономикасындағы шешуші рөлін атап өтті.
«Қаржы саласы қызметкерлерінің еңбегі мен кәсібилігінің арқасында облыс экономикасы тұрақты өсіп келеді. Соңғы жылдары республикадағы позициямызды нығайтып, алға қарай қарқынды ілгерілеп келеміз», – деді ол.
Қанат Болатұлы биыл ұлттық валютаның айналымға енгеніне 32 жыл толғанын атап өтіп, теңгенің елдің экономикалық егемендігінің маңызды нышаны екенін айтты.
«Ұлттық валюта – экономикалық егемендіктің белгісі. Ал қаржыгерлер – күн сайын бюджет үдерістерінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етіп отырған мамандар», – деді ол.
Оның айтуынша, соңғы екі жылда облыстағы салық түсімдері едәуір артқан, ал жалпы өңірлік өнім 4,3 трлн теңгеден 6 трлн теңгеге дейін өскен. Бұл — сала мамандарының жүйелі жұмысының нақты көрінісі.
Ресми бөлімнен кейін марапаттау рәсімі өтті. «Қаржы саласының үздік қызметкері» төсбелгісі Бибігүл Узақова мен Ерлан Шатановқа табысталды.
Сонымен қатар, ҚР Қаржы министрлігінің Алғыс хаттарын алты қызметкер иеленді. Жыл қорытындысы бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізген тағы алты маманға облыс әкімінің Құрмет грамоталары тапсырылды.
Шара соңында облыстық қаржы басқармасының басшысы, «Қаржы саласының үздік қызметкері» төсбелгісінің иегері Бибігүл Узақова әріптестерін құттықтап, өз әсерімен бөлісті.
«Бұл салада 25 жылдан астам еңбек етіп келемін. Қаржыгердің жұмысы әрдайым көзге көріне бермейді, бірақ ол өте маңызды. Тылдағы жауынгердің еңбегіне тең дер едім — әрбір көрсеткіш дәл әрі тексерілген болуы қажет. Барлық әріптестерімді мерекемен құттықтаймын, ел игілігі үшін жемісті еңбек ете берулерін тілеймін», – деді ол.





