Іс-шараны облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі У.С. Қалжанов, Полиция департаментінің тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары Ж.А. Көптілеуов және Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» бөлімінің басшысы М.Ж. Дүнгенбек бірлесіп ұйымдастырды.
Семинар Алматы облысының Су ресурстары және ирригация басқармасының қызметкерлеріне арналды.
Кездесу барысында қатысушыларға Әдеп кодексінің талаптары, мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және діни қызмет салаларындағы заңнама нормалары егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Сонымен қатар, қоғамдық орындарда мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық мәдениеті, алкогольдік және есірткілік масаң күйде болудың алдын алу, есірткі құралдары мен психотроптық заттарды медициналық емес мақсатта тұтынуға тыйым салу, сондай-ақ көлікті масаң күйде басқаруға жол бермеу мәселелері талқыланды.
Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыруға, қоғамның сенімін нығайтуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.
«Әдеп кодексін сақтау – бұл тек қызметтік міндет емес, бұл қоғам алдындағы моральдық жауапкершілік. Әрбір мемлекеттік қызметші өз іс-әрекетімен халыққа үлгі болуы тиіс», – деді У.С. Қалжанов.
Семинар қорытындысында қатысушыларға құқықтық және этикалық мәдениетті арттыру бойынша әдістемелік ұсынымдар берілді.





